THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
404 - Ештеңе табылмады.
Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.
Қазақ жеріндегі
әрбір тау, өзен, көл не қоныс атауы жай ғана географиялық белгі емес. Олардың
әрқайсысында халықтың тарихи жады, дүниетанымы, тұрмыс-тіршілігі мен көне
тілдік қабаттарының ізі сақталған. Сондықтан топонимдер халықтың рухани мұрасын
танытатын маңызды тілдік құбылыс саналады.
Көп жағдайда біз
жер-су атауларын дайын қалпында қабылдаймыз да, олардың қалай пайда болғанына,
қандай мағына бергеніне мән бере бермейміз. Ал шын мәнінде әр атаудың астарында
тарихи оқиға, табиғи ерекшелік немесе көне тілдік негіз жатады. Осындай
атаулардың шығу тегін зерттеу этимология ғылымының міндетіне кіреді.
Қазақ
топонимдерін зерттеу барысында ғалымдар бір атауға қатысты бірнеше түрлі пікір
ұсынған жағдайлар жиі кездеседі. Бұл, ең алдымен, қазақ жеріндегі атаулар
жүйесінің өте көне әрі көпқабатты болуымен байланысты. Кейбір атаулар түркі
дәуірінен сақталса, енді бірінде моңғол, араб-парсы элементтері ұшырасады.
Сонымен қатар халықтық этимология ықпалымен уақыт өте келе атаулардың бастапқы
мағынасы өзгеріп, жаңаша түсіндіріліп кеткен мысалдар да бар.
Мәселен, Шығыс
Қазақстандағы Абыралы атауын бірқатар зерттеушілер кісі есімімен
байланыстырады. Кей ғалымдар бұл атаудың түбірін араб тіліндегі сөздерден
іздесе, енді бірі моңғол тіліндегі «мейірім», «қайырым» мағынасындағы сөздермен
сабақтастырады. Яғни бір ғана атаудың өзінде бірнеше ғылыми болжам қатар өмір
сүріп келеді.
Азғыр атауына
қатысты да түрлі пікір айтылады. Кей зерттеушілер оны көне түркі тіліндегі
«айғыр» сөзімен байланыстырады. Түркі тілдеріндегі тарихи дыбыстық өзгерістерді
салыстырғанда бұл нұсқа қисынды көрінеді. Ал басқа ғалымдар Азғыр атауын «аз»
тайпасының атымен және «қыр» сөзімен байланыстырып, «аз тайпасының қыры» деген
мағына береді деп түсіндіреді.
Қазақ жерінде өте
жиі кездесетін гидронимдердің бірі – Ақсу. Бұл атау алғаш қарағанда «ақ су»
деген қарапайым мағына беретіндей көрінеді. Алайда зерттеушілердің пікірі
әртүрлі. Біреулер «ақ» сөзін қар суымен қоректенетін тау өзенінің белгісі деп
түсіндірсе, енді бірі судың ақ көбіктеніп ағу ерекшелігімен байланыстырады. Кей
жағдайда «ақ» компоненті өзен суының лайланып, ақшыл түске енуін де білдіруі
мүмкін.
Ақ Қаба атауы да
ғалымдар арасында түрліше түсіндіріледі. Кей зерттеушілер мұндағы «қаба» сөзін
ру-тайпа атауымен байланыстырса, басқалары өзен суының түсі мен табиғи
ерекшелігін негізге алады. Мұндай айырмашылықтар топонимдердің семантикалық
табиғаты күрделі екенін көрсетеді.
Ал Алатай атауына
келгенде, бір топ ғалым оны көне түркілік «тау» мағынасындағы екі компоненттің
қабаттасуынан жасалған деп есептейді. Екінші бір зерттеушілер атауды моңғол
тіліндегі сөздермен байланыстырады. Бұл қазақ топонимдеріндегі тілдік
ықпалдардың аралас келетінін байқатады.
Бұқтырма атауы
халық арасында ерекше аңыздық сипатпен түсіндіріледі. Жергілікті жұрт өзеннің
қатты ағысын айтып, «адамды бұқтырып әкететін өзен» деген мағына береді дейді.
Ғылыми ортада бұл атаудың көне түркідегі «тау бөктері» ұғымымен байланысы да
қарастырылады. Тағы бір нұсқада өзеннің тарамдалып ағуы мал терісінің ішкі
құрылымына ұқсатылып түсіндіріледі.
Бақанас атауы
жөнінде де ортақ пікір жоқ. Бір зерттеушілер оны тармақталған өзен арналарына
қатысты түсіндірсе, екіншілері бірнеше көне тілдегі «су», «өзен» мағынасындағы
түбірлердің қосындысы деп есептейді. Кей ғалымдар моңғол тіліндегі «қысқа өзен»
мағынасымен байланыстырады.
Аягөз атауы көне
түркілік «өгүз» – «өзен» сөзімен сабақтастырылады. Кей зерттеушілер мұндағы
«айа» компонентін «шағын», «кіші» мағынасында қарап, атауды «шағын өзен» деп
түсіндіреді. Бұл өзеннің табиғи сипатына да сәйкес келеді.
Үржар атауына
қатысты да бірнеше ғылыми тұжырым бар. Бір нұсқада ол «терең өзен» деген мағына
берсе, енді бірінде көне түркідегі «ақ», «боз» түсті білдіретін сөздермен
байланыстырылады. Халық арасында «Ұрыжар» түріндегі аңыздық түсіндірулер де
кездеседі.
Жалпы қазақ
топонимдерінің этимологиясын зерттеу бір ғана дұрыс жауап іздеумен шектелмейді.
Әртүрлі ғылыми болжамдардың қатар жүруі – топонимдердің тарихи әрі тілдік
табиғатының күрделілігін көрсететін заңды құбылыс. Әр атау белгілі бір дәуірдің
тілдік ізі мен халықтың танымын сақтап қалған тарихи дерек көзі іспетті.
Халықтық
этимология мен ғылыми этимологияны бір-біріне қарсы құбылыс ретінде қарастыру
дұрыс емес. Халықтық таным атаудың бейнелі қабылдануын сақтаса, ғылыми
этимология нақты тілдік заңдылықтар арқылы оның шығу тегін дәлелдеуге тырысады.
Осы екі бағытты қатар қарастыру қазақ топонимдерінің табиғатын тереңірек
түсінуге мүмкіндік береді.
Қазақ жер-су атауларын зерттеу тек тіл мәселесі ғана емес. Ол тарихи жадты, этникалық құрамды, көне мәдени қабаттарды және халықтың дүниетанымын тануға жол ашады. Сондықтан топонимдерді этимологиялық тұрғыдан қарастыру ұлттық мұраны сақтаудың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Мақала 2025-2027 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық
жобалар бойынша гранттық қаржыландыру аясында жазылды. Зерттеуді Қазақстан
Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті
қаржыландырды (Жеке тіркеу нөмірі: AP26103897).

2)
3)
4)