КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Error 404

404 - Ештеңе табылмады.

Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.

Тараз – көне шаһар. Мыңжылдық тарихы бар, түркі өркениетінің бесігі саналатын мекен. Бірақ бүгінгі Тараздың көшелерін аралап, маңдайшалары мен жарнамаларына назар аударсаңыз, еріксіз бір сұрақ туады: бұл қазақтың оңтүстігіндегі қала ма, әлде кеңестік тілдік кеңістіктің сарқыншағы әлі толық жойылмаған ба?

Қаланың орталығындағы тіс емханасының маңдайшасында бір ғана атау жазылған: stomatologiya. Алғаш қарағанда латын графикасымен жазылған сөз сияқты көрінеді. Бірақ бұл қазақша да, ағылшынша да емес. Бұл – орыс тіліндегі «стоматология» сөзінің жай ғана транслитерациясы.


              


Егер латын графикасындағы қазақша нұсқа қолданылса, емле ережелеріне сай ıstamatalogīya түрінде жазылуы керек еді. Алайда мәселе мұнда да емес. Ең дұрыс әрі түсінікті нұсқа – мемлекеттік тілдегі қалыпты атауды қолдану: «Тіс емханасы» немесе латын графикасында tis emhanasī. Қазақстан Республикасының заңнамасында көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде берілуге тиіс екені нақты көрсетілген. Бірақ іс жүзінде бұл талап барлық жерде сақталып отырған жоқ.

Тараз көшелеріндегі кей жол белгілерінде «TÓLE BI» және «JAMBYL» деген жазулар тұр. Жазулар латын графикасында берілгенімен, емле нормалары сақталмаған. Қазақ тілінің орфографиялық жүйесіне жақындатсақ, «Tөle biy» және «Jambīl daŋğīlī» түрінде жазылуы керек еді.



Қаланың LED-экрандарының бірінде ойын-сауық орталығының жарнамасы көрсетіліп тұр: «НАШИ АДРЕСА: Конаева 37, Толе би 20 Б». Мұнда да мемлекеттік тілдегі нұсқа берілмеген. Дұрыс нұсқасы: «Біздің мекенжайымыз: Қонаев көшесі, 37; Төле би даңғылы, 20 Б». Сол маңдағы тағы бір LED-экранда: «ВАША РЕКЛАМА ЗДЕСЬ! АРЕНДА LED-ЭКРАНА» деген жазу жарқырап тұр. Қазақша жоқ. «Жарнамаңыз осы жерде! LED-экран жалға беріледі» деп жазуға мүмкіндік те, орын да жеткілікті.

 


Сауда орталықтарының маңдайшаларында Sulpak, KFC, Burger King, H&M, LC Waikiki сияқты халықаралық брендтердің атаулары жазылып тұр. Заң тұрғысынан бұған тыйым салынбаған, алайда тәжірибе жүзінде бір мәселе туындайды – бұл атаулар жас буынға таныс болғанымен, егде жастағы адамдар үшін мүлдем түсініксіз. Көптеген елдерде мұндай жағдайда брендтің негізгі қызметін көрсететін қысқаша түсіндірме міндетті түрде қосылады: «тауық еті мейрамханасы», «киім дүкені», «жылдам тамақ» деген сияқты. Қазақстанда мұндай тәжірибе әлі қалыптаспаған, нәтижесінде орта буыннан жоғары тұтынушылар дүкенге кіргенше оның не сататынын білмейді. Маңдайшаға кішкентай қазақша анықтама қосу – үлкен шығынды талап етпейтін, бірақ барлық буын үшін қолжетімді әрі қарапайым шешім болар еді. Сол қатарда «Детский мир» атауы да кездеседі. Бұл халықаралық бренд емес, Қазақстанда жұмыс істейтін компания. Демек мемлекеттік тілдегі нұсқасы қатар берілуі керек еді: «Балалар әлемі». Қала орталығындағы тағы бір маңдайшалардың бірі – «МК ЗОЛОТО». Жанында – «РЕФИНАНС». Екеуі де тек орысша жазылған. Қазақша «Алтын», «Қайта қаржыландыру» деп жазуға болар еді.

 


Тараздағы танымал сауда орталықтарының бірі – ARBAT. Атауы латын графикасында жазылғаны түсінікті. Бірақ астындағы қосымша жазу тек орысша: «Торговый центр». «Сауда орталығы» деп жазуға не кедергі болғаны түсініксіз.



«Тіл туралы» заң 1997 жылдан бері қолданыста. Оның талаптары анық: маңдайшалар, жарнамалар, жол белгілері мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Қазақша нұсқа бірінші орында тұруы керек.

Алайда Тараз көшелерін аралаған адамда бір әсер қалады: заң бар, бірақ оны қадағалайтын жүйе әлсіз. Тексеру жүргізіле ме? Айыппұл салына ма? Жауапты органдар бұл мәселеге назар аудара ма? Көшедегі көрініске қарағанда, бұл сұрақтардың жауабы көмескі сияқты. Кәсіпкерлер де қазақша жазбасақ та болады деген түсінікке үйреніп қалғандай.

Тараз – қазақ тілі күнделікті өмірде кең қолданылатын өңір. Мұнда қазақша сөйлемейтін адамды кездестіру қиын. Соған қарамастан, көшедегі маңдайшалардың едәуір бөлігі орысша, ал кейбірі шала латынша жазылған. Енді ойланып көріңіз: егер оңтүстіктің өзінде жағдай осындай болса, басқа өңірлердегі ахуал қандай? Тіл заңы қағаз жүзінде ғана қалып қойса, мемлекеттік тілдің мәртебесі де әлсірей береді.

Бұл мақала біреуді айыптау үшін емес. Мақсат – мәселені көрсету. Кәсіпкерлер де, жарнама берушілер де, мекемелер де бір нәрсені түсінуі керек: қазақша жазу – тек міндет емес, ұлтына, ең алдымен мемлекеттік тілге деген құрмет, махаббат. Ал заңның орындалуы қағаз жүзіндегі талаппен емес, нақты бақылаумен қамтамасыз етілуі тиіс. Өйткені тіл бір күнде жоғалмайды. Ол еленбей қалған кезден бастап әлсірейді.

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз










21/04/2026 10:30

Жыңғылды оқиғасы
0 202 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика