КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


Соңғы мақалалар:

БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Error 404

404 - Ештеңе табылмады.

Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.

Алматы – Қазақстанның ең ірі мегаполисі. Ғылымның, білімнің, мәдениеттің орталығы. Мемлекеттік тілдің де үлгісін көрсетуі тиіс қала. Бірақ қаланың көшелерін аралап, дүкен маңдайшалары мен жарнамаларына назар аударсаңыз, көңілге күмән ұялайды.

Жуырда Алматы қаласының 5-ықшамауданында жүргізілген мониторинг барысында бірқатар тілдік кемшіліктер анықталды. Ең алдымен көзге түсетіні – мемлекеттік тілдің мүлде қолданылмауы.

Мәселен, №30 үйде орналасқан «Fettuccine» кафесінің сыртындағы ақпараттық жарнама тақтасындағы барлық мәтін орысша («Мы открыты!!!»), ағылшынша (pizza, pasta, coffee) жазылған. Мемлекеттік тілде ақпарат жоқ.
                                                                                            
Сурет 1. «Fettuccine» кафесі — 5-ықшамаудан, 30-үй

Дәл осындай жағдай №23 үйдегі «Tehnoaltyn» ломбардында да байқалады. Қызмет түрлері мен баға көрсеткіштері түгелдей орыс тілінде берілген.
 

                                                                                
Сурет 2. Ломбардтың сыртқы жарнама тақтасы.

5-ықшамаудандағы «Zhako doner» маңындағы төлем терминалында да мемлекеттік тілге орын табылмаған. Терминалдағы ескертулер мен нұсқаулықтар тек орыс тілінде жазылған. Ал тұрғындарға қызмет көрсететін кез келген құрылғыдағы ақпарат ең алдымен мемлекеттік тілде берілуі тиіс емес пе?


                                                                                         
Сурет 3. Терминалдың интерфейсі мен сыртқы жазулары.
 
Осындай жағдайды «ЧебурекМи» дәмханасынан да көруге болады. Есіктегі жұмыс кестесі, қызмет көрсету туралы мәліметтер түгелдей орыс тілінде орналастырылған. Кәсіпкерлер қазақша ақпарат беруді артық дүние көретіндей әсер қалдырады.
 
                                                                                                                                                   

                                                                                                                                                  Сурет 4. Дәмхананың есік жазуы.

Кейде мәселе тек мемлекеттік тілдің жоқтығында емес, оның қате қолданылуында болып жатады. Мәселен, «Далер» дүкенінің маңдайшасында «азық түлік» деген жазу тұр. Қазақ тілінің орфографиялық нормасына сәйкес бұл сөз дефис арқылы жазылуы керек: «азық-түлік». Бір қарағанда болмашы қате сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ мұндай жазуларды күн сайын жүздеген адам көреді. Демек қате нормаға айналып кетуі де ғажап емес.
 
                                                                                             
Сурет 5. Дүкен маңдайшасы.

Ал 19Б үйдегі «Dream case» дүкенінің маңдайшасында «Ұялы аксессуарлар» деген тіркес жазылған, түсініксіз. Дұрыс нұсқасы: «Ұялы телефон аксессуарлары» немесе «Ұялы телефонға арналған аксессуарлар» деген нұсқа әлдеқайда түсінікті әрі сауатты болар еді.
 
                                                                                             
Сурет 6. Дүкеннің сыртқы баннері.

Тіпті қоршаған ортаны қорғауға арналған инфрақұрылымның өзінде тіл мәселесі кездеседі. Қалдықтарды сұрыптауға арналған жәшіктерде «Бумага», «Пластик», «Другое» деген жазулар ғана бар. Мемлекеттік тілдегі «Қағаз», «Пластик», «Басқа қалдықтар» деген қарапайым баламаларды жазуға не кедергі болғаны түсініксіз.

                                                                                                                    
Сурет 7. Тереңқұрдағы қоқыс жәшіктері.

Бір қызығы, мұндай мәселе бүгінде посткеңестік кеңістіктегі көптеген мемлекеттерде әлдеқашан шешілген. Мәселен, Литва, Латвия, Эстония, Грузия, Армения, Әзербайжан және Өзбекстан қалаларында көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде беріледі. Қажет болған жағдайда мемлекеттік тілдің астына ағылшын тілінде жазылады. Тіпті соңғы жылдары Өзбекстанның өзінде маңдайшалар мен жарнамалардағы өзбек тілінің үлесі айтарлықтай артты. Ал Қазақстанда жағдай басқаша. Мемлекеттік тіл ел халқының басым бөлігінің тілі болғанына қарамастан, кейбір кәсіпкерлер әлі күнге дейін қазақ тілін емес, орыс тілін негізгі ақпарат тілі ретінде пайдалануды қалыпты құбылыс санайды.

Алматы – Қазақстанның ең ірі қаласы ғана емес, елдегі тілдік саясаттың да айнасы болуы тиіс мегаполис. Алайда бір ғана ықшамауданда жүргізілген бақылаудың өзі мемлекеттік тілдің қоғамдық кеңістіктегі орны әлі де әлсіз екенін көрсетті. Бір жерде қазақша мүлде жоқ, енді бір жерде қате жазылған, үшінші жерде мемлекеттік тіл екінші қатарға ысырылған. Бұған қалада жүргізіліп жатқан Тіл саясатының босаңдығы кінәлі.

Әңгіме біреуді жазалау немесе айыппұл салу туралы емес. Әңгіме заңның орындалуы, тіл мәдениеті және қоғамдық жауапкершілік туралы. Кәсіпкер де, мекеме басшысы да, жарнама агенттігі де маңдайшадағы әрбір сөздің мыңдаған адамның көзіне түсетінін түсінуі керек. Осыны ұқтыратын қаладағы Тіл басқармасына көбірек пәрмен берілуі қажет. Көрнекі ақпараттағы мемлекеттік тілді сүмірейтіп қоюға болуға бола ма екен?


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз













21/04/2026 10:30

Жыңғылды оқиғасы
0 203 0





ТЕКСТ

Яндекс.Метрика