КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


Соңғы мақалалар:

БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бала – адамның бауыр еті. Нәрестенің шыр етіп дүние есігін ашуы – ата-ана үшін теңдесі жоқ қуаныш. Сол қуанышпен бірге үлкен жауапкершілік те келеді: жаңа өмір иесіне лайықты, мағынасы терең, болашаққа жол ашатын есім беру міндеті. Қазақ халқының дәстүрінде жаңа туған сәбиге ат қою – тек қана атау беріп қана қоймай, баланың өміріне бағыт беретін, болашағын болжауға мүмкіндік беретін маңызды рәсім.
Ата-ана бұл шешімді жеңіл-желпі қабылдамайды. Керісінше, олар өздеріне жүктелген жауапкершілікті терең сезініп, бірнеше рет ойланып барып қана балаға ат қояды. Себебі, ежелден келе жатқан сенім бойынша, әр адамның аты оның өмір жолына, мінез-құлқына, тіпті тағдырына әсер етеді деп есептелген. Осы себептен де есім таңдауда ерекше сақтық қажет: балаға берілетін ат жеңіл айтылатын, мәні дұрыс, құлаққа жағымды болғаны жөн.
Қазақ дәстүрінде жаңа туған нәрестеге ат қою дәстүрі үлкен мәнге ие. Жас сәби дүниеге келгенде ата-аналар көбіне ең сыйлы, құрмет тұтатын адамдарды шақырып, баланың атын солардың қоюын өтінеді. Кейде ата-аналар өздері келісіп, баласына ат таңдайды. «Балаға қандай ат қойылса, оның болашақ тағдыры соған байланысты болады» деген халық сенімі осы дәстүрдің түп негізінде жатыр. Сондықтан ат қою – ата-ананың үлкен жауапкершілікпен, жүректен шыққан ізгі ниетпен орындайтын парызы.
Ата-бабамыз әр баланың болмысын, тағдырын ойлап, есімге ерекше мән берген. Туа біткен ерекшелігі барларға Қалдыбай, Меңдібай, Меңдіқұл, Анарбай, Анарбек, артық саусағы барларға – Қосбармақ, Қосекен, Артық, Артықбай, Артығали деп ат қойып, көз тиюден сақтайды деген сенім болған. Марқұм жақындарының орнын бассын деп Орынбасар, Орынбек, Орынбай, Орынхан, Орынтай деп атаған. Ата-әжесіне ермек болсын деп Ермек, бауырына серік болсын деп Серік, ұзақ өмір сүрсін деген ниетте Ұзақбай қойған.
Қазақ халқы табиғатпен етене өмір сүріп, оның әрбір құбылысын қастерлеген. Сол себепті де балаға есім беру дәстүрінде жылдың ай атаулары жиі қолданылған. Мәселен, Наурыз, Маусымжан, Ақпан, Ақырап сияқты есімдер – соның айқын дәлелі. Ақырап – қазан айының, Амал – наурыздың, Қауыс – қарашаның атауы. Сол себепті Амалбек, Қауысбек сияқты есімдер де жиі кездескен. Ғалым Қ. Жұбанов өз ұлына Ақырап деп ат қойғаны белгілі.
Мал шаруашылығымен айналысып, табиғатқа жақын болғандықтан сәбилерге жан-жануарлардың да аттарын берген. Мысалы, Бөрібай, Арыстан, Қойбағар, Жылқыайдар, Құнанбай, Тоқтыбай, т.б.

Қазақтар сәбилеріне әдеби шығармалардағы кейіпкерлердің де атын жиі беріп отырған. Мысалы, Ертарғын, Қобыланды, Қамбар, Төлеген. Бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасуда. М. Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясына жарық көргеннен кейін Абай, Тоғжан, Әйгерім есімдері кеңінен тарады.
Тіпті ауа-райына, табиғатқа, туу кезіне, реттікке, мата, металл атауларына, туыстық қатынасқа қарап ат қойған дәстүр – халқымыздың терең танымын көрсетеді: Аязбай, Боранбай, Көшербай, Егінбай, Жаңбырбай, Ақбай, Қарабек, Жібек, Алмаз, Болат, Тұңғышбай, Кенжебек, Нағашыбек, Жиенбай… Әр атау – ұрпаққа берілген мәдени мұра, ұлттық рухтың белгісі.
Сәбиге есім беру арқылы халық өзінің наным-сенімін, салт-санасын, арман-мүддесін де паш еткен. Мәселен, өткен ғасырларда Абылай, Есім, Тәуке, Сәкен, Ыбырай, Жылқыбай, Қойшыбай, Жарқынбек сияқты есімдер жиі қойылса, тәуелсіздік кезеңінен бергі отыз жылда – 1995 пен 2025 аралығында – есім беру үрдісі басқа арнаға бұрылды. Осы уақыт аралығындағы ең танымал есімдерге тоқталып, олардың қалай өзгергенін, қандай үрдістер қалыптасқанын салыстырып көрейік.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 1995 жылы қазақ қоғамында ең жиі қойылған ер балалардың есімдері қатарында Абай (қаз. ықылас, ынта, назар), Азамат (ар. айбындылық, ұлылық), Еламан (қаз. ел-жұрт аман болсын), Данияр (ир. жақын, таныс), Нұрсұлтан (ар. нұрлы сұлтан), Айбек (түрк. ай + бек; айдай берік), Бауыржан (қаз. бауырмал + ир. джон), Арман (ир. мақсат, тілек, мүдде), Руслан (көне түркі Арыслан есімінің орыс тілінде өзгерген түрі), Ержан (қаз. батыр жан, ер жігіт), Ерлан (қаз. ерге тән, ержеткен), Жандос (ир. джон + дос; жан біткеннің досы), Дархан (көне түркі тархан – атақ, дәреже), Айдос (қаз. «ай» + тәж. «дос»), Олжас («ол жас» – қайрат, жігер), Еркебұлан (қаз. ерке, әлпештелген), Ерболат (қаз. батыл, өжет, батыр болсын), Қуаныш (қаз. шаттық, бақыт), Мадияр (ар.Мұхамедияр (Мұқамбеттің досы) есімінің қысқарт. түрі) есімдері көш бастап тұр. Енді 2025 жылы жиі қойылған ер есімдерін талдап көрейік.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2025 жылы ең жиі қойылған ер балалар есімдерінің қатарында Мұхаммед (1115), Айсұлтан (1113), Омар (1035), Алдияр (982), Алихан (976), Алан (727), Хамза (682), Нурислам (658), Альтаир (644), Амир (640), Айбар (626), Алинұр (619), Рамазан (614), Али (547), Дінмұхаммед (520), Зейін (510), Мансұр (500), Хақназар (490), Мирас (490) және Ислам (475) есімдері бар.

1995 жылмен салыстырғанда қазіргі қазақ қоғамында ат қою үрдісінде діни ықпал айқын көрініс табуда. Ата-аналар көбіне балаларына Құрандағы есімдерді, ислам мәдениетіне тән атауларды беруге бейім: Мұхаммед (ар. мақтаулы), Омар (ар. өмірлі, ғұмырлы), Али (ар. ғали биік, жоғары), Дінмұхаммед, Ислам (ар. бағыну, нану), Рамазан (ар. күйдіруші, жандырушы, қасиетті ай), Хамза (ар. дәрілік өсімдік), Альтаир (ар. ұшқыш, қалықтаушы), Мансұр (ар. жеңімбаз, жеңіске жетуші), Алдияр (ар. алла-йар, «Алла жар болған адам»). Бұл, әрине, дінге құрмет пен рухани мәннен туындаса да, ұлттық дәстүрлі антропонимика мен қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін кейде ығыстырып отыр. Мұның салдарынан ұлттық құндылығымызға негізделген дәстүрлі, түркі есімдер біршама артта қалып, олардың қолданысы азайып барады. Ал есім – тек жеке тұлғаның ғана емес, тұтас халықтың дүниетанымы, мәдениетін айқындайтын көрініс болғандықтан түркі есімдерін қайта қолданысқа енгізу – тілімізді, мәдениетімізді, ұлттық санамызды сақтау үшін маңызды. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, тек тіл ғана емес, ұлттық өзіндік болмыс та біртіндеп әлсіреуі мүмкін.

Бұл мәселеге орыс тілінің ықпалы да қосылып отыр: қазақ есімдерінің Анар – Анара, Гүлнәр – Гульнара, Әсем – Асема, Айнұр – Айнура, Әйгерім – Айгерім, Әсел – Аселя секілді сыртқы түрі тұрпайы өзгеріп жатқанын тоқтатуға бәріміз ат салыссақ құба-құп болар еді. Соңғы жылдары мағынасы күңгірт, дыбыстық үйлесімі қазақ тілі табиғатына жат есімдердің көбеюі алаңдатады. Мәселен, Альфия, Айлин, Анелия, Арсен, Эля, София, Алан, Артур, Эрнс, Мадьяр сынды еуропаланып кеткен есімдер жиі кездеседі. Осы сияқты есімдердің көбеюі ұлттық болмыстың әлсіреуіне, тарихи сабақтастықтың үзілуіне және рухани құндылықтардың жұтаңдауына алып келеді.

Қазақ (түркі) есімдерін жинау – қазіргі таңда кезек күттірмейтін, маңызды мәселелердің бірі. Сол себептен қазақ (түркі) есімдерін жинап, жүйелендіріп, «Қазақ (Түркі) есімдері» атты көптомдық шығарылса, үлкен мәдени жетістік болар еді. Бұл жұмыс барысында ең алдымен халықтың мәдени мұрасы назарға алынуы тиіс: халық ертегілері мен аңыздарындағы, жырлары мен халық әндеріндегі, мақал-мәтелдеріндегі, сондай-ақ халық ақындары мен кейінгі жазушылардың шығармаларындағы есімдер жүйелі түрде жинақталуы қажет. Мұндай жан-жақты жинақ негізінде қазақ (түркі) есімдерінің ірі, біртұтас қоры құрылмақ. Осы қордың пайда болуы ата-аналар үшін ат таңдауды жеңілдетіп, балаларына тарихымен, дәстүрімен үндес, мәні терең есімдерді беру мүмкіндігін арттырады. Сонымен қатар, бұл бастама ұлттық мәдениет пен рухани мұраны сақтап қана қоймай, қазақ есімдерінің санын молайтып, олардың әртүрлілігін айқындай түседі, әрі келер ұрпаққа дәстүрлі және тарихи сабақтастықты жеткізудің таптырмас құралына айналады.
Демек, ұлттық есімдер қорын түзу – тек тіл мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Өйткені есім – ұлт тарихының, рухының, мәдениетінің айнасы.

Мақала 2025-2027 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру аясында жазылды. Зерттеуді Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландырды (Жеке тіркеу нөмірі: AP26103897).


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз














21/04/2026 10:30

Жыңғылды оқиғасы
0 220 0




ТЕКСТ

Яндекс.Метрика