THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Жұртқа танымал бір олигарх Абай
мектебіне тиесілі 10 гектар жерді осыдан 20 жыл бұрын 2006 жылы Алматы қаласы
әкімдігі шығарған қаулының күшімен тартып алды. Ол жерге «Достық Резиденс»
(Достық даңғылы) деп аталатын қымбат тұрғын үй кешенін салу үшін оқу ғимаратын,
ұлдар мен қыздар жатақханаларын, клуб, екі үлкен стадион, саябақ, кір жуу
кешені, екі асхананы жермен жексен етті. Ал мектеп ұжымын көр¬шілес орналасқан
Республикалық мұға¬лімдердің білімін жетілдіру инсти¬ту¬тының шағын екі
корпусына көшірді. Содан бері Абай мектебінің оқушылары санитарлық әрі өзге де
талаптарға сай келмейтін тар ғимараттарда білім алып жатқан еді.
2019 жылғы 12 қыркүйекте
Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен сол
кездегі Елбасы қорының «Ел үміті» және «Қамқорлық» бастамаларын жүзеге асыру
жөніндегі селекторлық кеңесі өтті. Вице-премьер «Нақты ғылымдарға бейімі бар
балаларға арналған Назарбаев зияткерлік мектептері бар. Енді қазақ тілі мен
әдебиетін тереңдетіп оқытатын Абай атындағы Республикалық мектептер желісін
неге ашпасқа?» деп пәрмен беріп, өңірлерде осындай мектептер ашыла бастады.
Сол кезде зиялы қауым ұлтын ойлаған
Бердібек ағаның осы бір сұңғыла бастамасына тәнті болды. Вице-премьер айтқан
соң бұл жоба бірден жүзеге аса бастады. Республика бойынша 12 мектеп (10-ы
облыста, 2-еуі қалада) жұмысын бастады: Астана қаласында Абай Құнанбайұлы
атындағы №87 мектеп-гимназиясы, Шымкент қаласында №90 ДБАМ мектеп-гимназиясы,
Абай облысында Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернаты, Алматы
облысында Абай атындағы Алматы облыстық мамандандырылған гимназия-интернаты,
Ақмола облысы Көкшетау қаласында Абай атындағы (қазақ тілінде оқытылатын)
дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты,
Атырау облысында Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты,
Батыс Қазақстан облысында дарынды балаларға арналған Абай атындағы
мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты, Жамбыл облысында Абай атындағы
мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете
оқытатын мектеп-интернаты, Ұлытау облысы Жезқазған қаласында Абай атындағы
мамандандырылған мектеп-интернаты, Қызылорда қаласында Абай атындағы үш тілде
оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектеп,
Солтүстік Қазақстан облысында Абай атындағы мамандандырылған қазақ
мектеп-гимназиясы және Павлодар облысында дарынды балаларға арналған Абай
атындағы гимназия.
Иә, бәрі жап-жақсы басталып, Абай
мектебі желісі де жаратылыстану-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік
мектептері сияқты немесе қазір Білім-инновация лицейлері деп аталатын кешегі
қазақ-түрік лицейлері сияқты жеке ұйым болып, қазақ руханиятына қаныққан
жандарды тәрбиелейтін бір іргелі білім ошағына айналады деген үміт пайда болған
еді. Қуанып едік, көмектесуге даяр едік, бағдарламасын жасауға атсалысып,
көмектесе бастап едік...
Бұл оқу орнынан бүгін елге танымал
талай азаматтар шыққан. Композитор Кеңес Дүйсекеев мектептің алғашқы
түлектерінің бірі еді. ҰҚК басқарған Әділ Шаяхметов, қоғам қайраткері Талғат
Мамашев, әскери қолбасшы Мәлік Сапаров, бүгінгі қайраткерлер Мәулен Әшімбаев,
Дархан Қыдырәлі, Айдос Үкібай т.б.
Ел таныған журналистер – Бекен
Нұрахметов, Сәкен Битай (марқұм), Нұрлан Окаұлы, Серік Қалиев, Ақтолқын
Құлсариева, Айнаш Есали, Зәуре Заханқызы, Саламат Омаш, Ғалмұрат Жүкел,
Дәулеткерей Кәпұлы, Айбын Шағалақов, Мұрат Есжан, Нұрділда Ораз, Рауан Оқас,
Гүлмира Әбіқай, Гүлмира Нәлібай, Манас Қайыртайұлы, Данияр Меңілбеков,
Мейрамгүл Мәдәлі, Танагөз Толқынқызы, Марлан Жиенбай, Ардагер Уайдин.
Кәсіпкерлер Дулат Тастекей, Нұржан
Өкімбаев, Аманжол Рысмендиев, БАӘ-дегі елші Мадияр Меңілбеков, желтоқсаншы
Құрманғазы Рахметов – осы мектептің түлектері. Әншілерден Тамара Асар, Тоқтар
Серіков, Ақбота Керімбекова, Нұрлан Албан, Бейбіт Қорған, Мақсат Рахмет және
т.б.
Егер Бердібек Сапарбаевтың бастамасы
бүгін жалғасқанда қазаққа зор пайда келер еді. Еліміз бойынша жайылған
мектептерден мұнан да көп тұлғалар, жұртына қалқан болатын талай қайраткерлер
шығар еді. Бізде стратегия жоқ, тек маневр ғой. Осы істің бастамашысы Бердібек
аға Сапарбаев зейнетке кетісімен бұл мектеп қараусыз, қамқоршысыз қалды.
Оқу-ағарту министрлігіне мұндай мектептер желісінің керегі де жоқ болды. Тіпті
осы уақытқа дейін мектептер оқулықсыз жүрді, әлі де оқулықсыз отыр. Бұл оқулық
мәселесі туралы 2023 жылы басшылық қызмет атқарған Ержан Өмірханов қазақ тілі
мамандарымен «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және «Абайтану» оқулықтарын әзірлеу
жұмыстары қызу талқылануда деп, жоспар құрылды деген. Десе де, бұл мәселе сол
жылдан бері көтерілгелі 3 жыл өтсе де, әлі шешімін таппады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы
Тоқаев тапсырмасы негізінде 1 жыл ішінде Абай ұлттық мектебінің 900 балаға
арналған жаңа ғимараты салынып, ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатына ҚР
Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз
Сүлейменова арнайы қатысып, сөз сөйледі. Сөздерінде Абай ұлттық мектебінің
маңызына тоқталып, бұл мектеп қазақ тілі мен әдебиетін ғана емес, сонымен қатар
жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді тереңдетіп оқытатын мектеп болуы
тиіс деді және соған арнайы эксперименттік «Qazaq National School Programme»
бағдарламасы жасалып жатқанын айтты. Ең өкініштісі, бұл бағдарлама жобасында
қазақ тілі мен әдебиетіне бөлінген сағат саны жаратылыстану бағытындағы
пәндерге қарағанда айтарлықтай азайған. Гуманитарлық пәндерге бөлінген сағаттың
азайтылуы – білім берудің бағытын өзгертіп жіберіп отыр. Елімізде
жаратылыстану-математика бағытын тереңдетіп оқытатын арнайы мектеп желілері
(НЗМ, БИЛ, РФММ) қалыптасқан. Нақты ғылымды тереңдетіп оқытатын мектептер
бұлардан басқа әр қалада жетіп артылады. Бұндай мектептерге мемлекет тарапынан
үлкен бюджет бөлініп, өздерінің арнайы бағдарламасын, оқулықтары мен
әдістемелерін даярлап, дербес мәртебеге ие болып отыр. Бердібек аға
бастағандай, дәл осындай мәртебедегі, жоғары деңгейдегі Абай ұлттық мектептер
желісі қалыптасуы керек еді. Абай ұлттық мектебі – әзірге қоғамдық-гуманитар
бағытын тереңдетіп оқытатын жалғыз мектеп болып тұр. Абай мектептер желісі
дегенді қазір ешкім ауызға да алмайды. Жағдай мен қолдау жағынан (инфрақұрылым,
қаржы, заңды дербестік) ол жаратылыстану-математика бағытындағы мектептерден
артта қалып отыр. Егер жаратылыстану бағытындағы мектептер желісі мемлекет үшін
стратегиялық маңызды болса, онда ұлттық гуманитарлық элитаны қалыптастыратын
Абай ұлттық мектептер желісі дәл сондай деңгейдегі қолдауға ие болуы керек.
Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі тек техникалық прогреспен емес, сол қоғамның
рухани тереңдігімен, ұлттық құндылықтарға негізделген мәдени санасымен
өлшенеді. Технократтық даму қажет, бірақ ұлт тек гуманитарлық ғылымдар арқылы
ғана өз болмысын сақтап қала алады.
Біз күшімізді тек техникалық мамандарды
шығаруға ғана емес, ең алдымен, ұлттық мүддені қорғайтын, қоғамдық-гуманитарлық
ойлауы жоғары шығармашыл тұлғаларды тәрбиелеуге жұмсауымыз керек. Абай ұлттық
мектептер желісі – бұл жай ғана оқу орны емес, бұл – ұлттық руханиятымыздың
қорғаны, біздің болашағымыз.

2)
3)
4)
