КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақстан Республикасы Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаевқа

 

Көшірмесі:

1)     Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары,  Мәдениет және ақпарат министрі Балаева Аида Ғалымқызына

2)     Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызына

3)     Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына

4)     Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығына

5)     Бұқаралық ақпарат құралдарына

 

АШЫҚ ХАТ

 

Тәуелсіздік жылдарында мектеп бағдарламасы бірнеше рет түбегейлі өзгерді. 1996 жылы «Жаңа буын оқулықтарын дайындау мен басып шығару тұжырымдамасы» (ҚР Үкіметінің 1996 жылғы 25 қыркүйектегі №1171 Қаулысы) арқылы кеңестік бірыңғай оқулықтардан бас тартып, ұлттық мазмұнға негізделген отандық оқулықтар жүйесіне көштік. 2004 жылы (ҚР Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы №1459 Жарлығы) 12 жылдық оқыту моделіне дайындық басталды. Ал 2016 жылы (ҚР Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы №205 Жарлығы, ҚР БҒМ 2016 жылғы 23 қарашадағы №668 бұйрығы негізінде) қазіргі «жаңартылған мазмұндағы» бағдарлама қолданысқа енгізілді.

Соңғы реформаға он жыл уақыт болды. Дәл осы уақыт ішінде ғылыми қауым мен тәжірибелі әдіскер-ұстаздар бұл жаңартылған бағдарламаның кемшілігін айтумен келеді:

Б.Қапалбек (Әдебиетті жүйесіз оқыту кімге қажет? «Қазақ әдебиеті» газеті. 26.01.2018) https://qazaqadebieti.kz/13546/debietti-zh-jesiz-o-ytu-kimge-azhet

Ж.Дәдебаев (Қазақ әдебиеті пәнінің жаңартылған бағдарламасы. «Қазақ әдебиеті» газеті. 09.03.2018) https://qazaqadebieti.kz/13936/aza-debieti-p-nini-zha-artyl-an-ba-darlamasy

Ж.Дәулетбекова (Қазақ тілі пәнінің жаңартылған оқу бағдарламасында кемшілік көп. «Егемен Қазақстан» газеті. 13.06.2018) https://egemen.kz/article/170353-qazaq-tili-panininh-dganhartylghan-oqu-baghdarlamasynda-kemshilik-kop

Б.Жұмақаева (Әдебиет пәнін қалай оқытып жүрміз? «Қазақ әдебиеті» газеті. 01.12.2020) https://qazaqadebieti.kz/27182/debiet-p-nin-alaj-o-ytyp-zh-rmiz

Б.Қапалбек (Жаңартылған бағдарламаның бес кемшілігі. «abai.kz» ақпараттық порталы. 02.06.2025) https://abai.kz/post/199594

Бұл мәселе әлеуметтік желіде, білім жүйесіне қатысты түрлі деңгейдегі жиындарда сан мәрте көтерілді, көтеріліп келеді. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін айтылған сын бағдарламаны өзгертуге алып келген жоқ. 2017 жылдан бері жаңартылған бағдарлама 7-сыныптан бастап сатылай енгізіліп, қазір мектеп толықтай осы қате бағдарламамен оқып келеді.

Асхат Аймағамбетов Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі болып тұрған 2019 жылдың 13 маусымынан бері оқу бағдарламасына қатысты бірқатар мәселелер ашық көтерілді. 2021 жылдың 21 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Қазақ тілі мен әдебиеті: оқыту мәселелері және жаңа көзқарас» атты республикалық мұғалімдер съезінде Аймағамбетов қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқу бағдарламасын міндетті түрде жаңарту керектігін мәлімдеді. Съезде мұғалімдер оқытылатын шығармалар тізімінің толық еместігін, грамматиканы оқыту жүйесінің шашыраңқылығын, жас ерекшеліктерін жеткіліксіз ескергендігін және бағдарлама мақсаттарының нақтыланбағанын көтерді. Министр бұл мәселелерді мойындап, «Ең басты мәселе – осы екі пәннің оқу бағдарламасын жаңарту болатын. Қазақ әдебиетінің мазмұны болсын, қазақ тілі пәнінің мазмұны болсын, жетілдіретін тұстары бар. Оқу бағдарламасының мақсаттарын қайта қарау керек» деп атап өтті. Министр мұғалімдердің ұсыныстары ескерілетінін, жұмыс топтары құрылып, мәселелерді сол жылы шешу керектігін айтты.

2022 жылдың 3 ақпанында Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында Аймағамбетов тағы да осы мәселені көтеріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқу бағдарламасы биыл міндетті түрде жаңартылатынын ресми түрде мәлімдеді. Ол оқытылатын шығармалар, грамматика жүйесі, жас ерекшеліктері және басқа да мәселелерді мұғалімдер көтергенін еске салып, «Осы мәселелерді шешуді әрі қарай жалғастыру керек. Мұны осы жылы міндетті түрде толық шешуіміз керек» деп қорытындылады.

Аймағамбетовтың бұл ұстанымы жаңартылған білім мазмұны енгізілгеннен кейін пайда болған сын-ескертпелерге жауап ретінде қабылданған еді. Кейін министр 2023 жылы Мәжіліс депутаты болып, орнына Ғани Бейсембаев 2023 жылдың 4 қаңтарында Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды.

Ол оқу бағдарламасына қатысты өзгертулерге аса ұстамдылықпен қарады. Ғ.Бейсембаев «Оқу бағдарламасына өзгеріс енгізе салу оңай шаруа емес» деп бірнеше рет атап өтті. Ол білім мазмұны мемлекеттік стандарттан басталып, үлгілік оқу бағдарламасы мен оқулықтарға дейінгі ұзақ тізбекті қамтитынын, бұл процесс кемінде 1,5-2 жылға созылатынын түсіндірді. Әр 10 жыл сайын болатын қалыпты жаңарту екенін ескертіп, асығыс өзгерістерге жол бермеу керектігін баса айтты.

2024 жылдың қазан айында Ғ.Бейсембаев 2026 жылдан бастап, білім берудің жалпығаміндетті мемлекеттік стандарттарына (бұдан әрі - Стандарт) өзгерістер енгізілетінін, оның негізінде жаңа оқу бағдарламалары әзірленетінін мәлімдеді.

Осылайша, министр А.Аймағамбетов кезінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің нақты кемшіліктерін мойындап, дереу жаңартуды тапсырса, Ғ.Бейсембаев барлық пәндердің білім мазмұнын 2026 жылдан бастап жүйелі және ұзақ мерзімді түрде жаңартуды жоспарлады.

Нәтижесінде қолданыстағы Стандарттарға (2022 жылғы №348 бұйрықпен бекітілген) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді және оны Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев 2025 жылы 23 қаңтардағы №12 бұйрығымен бекітті. Аталған Стандарттардың негізінде барлық пәндер бойынша үлгілік оқу бағдарламалары әзірленіп, талапқа сай сараптамадан, одан кейін 48 мектепте сынақтан өткізілгені баршаға аян.

Осы құжатта 2026-2027 оқы жылынан бастап, олардың қолданысқа енгізілетіні көрсетілген.

Өкінішке орай, осы жаңартылған Стандарттар пен оның негізінде әзірленген оқу бағдарламаларының  қолданысқа енгізілуі жөнінде ақпарат бүгінгі күнге дейін жоқ.

Ал қазір бүкіл қауым осы Стандарт талаптарына сай әзірленген оқу бағдарламаларының негізінде жаңа мазұндағы оқулықтар әзірленеді деген үмітте.   

2026 жылдың маусым айында Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мектеп оқулықтарына қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Балаева қолданыстағы мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерге жүргізілген талдау нәтижесінде 700-ден астам ескертпе мен қате анықталғанын хабарлады. Олардың қатарында техникалық және стильдік кемшіліктер, деректік қателер, мазмұнға сәйкес келмейтін иллюстрациялар, оқу бағдарламасына сай келмейтін материалдар және ескірген әдістемелер бар.

Вице-премьердің айтуынша, ерекше алаңдаушылық туғызатын тұстар мыналар: ұлттық мазмұнға бейімделмеген материалдардың қолданылуы, математика пәніндегі қате анықтамалар мен есеп шығару тәсілдері, бағдарламада қарастырылмаған шығармалардың енгізілуі және тарихи оқиғаларға қатысты жаңсақ мәліметтер. Кейбір оқулықтар тоғыз жыл бойы елеулі өзгеріссіз пайдаланылып келген. А.Балаева «Баланың қолына тиетін әрбір оқулық сапалы, мазмұны дәл, дерегі шынайы және уақыт талабына сай болуы керек» деп атап өтті.

Осыған байланысты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың басшылығымен министрлік оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңартудың мынадай жоспарымен бастап кетті:

2026 жылғы 30 тамызға дейін – 3 және 7-сынып оқулықтары;

2027 жылғы 1 қаңтарға дейін – 4 және 9-сынып оқулықтары;

2027 жылғы 1 сәуірге дейін – 8-сынып оқулықтары жаңартылатын болды.

Бұл жоспардың да өз кемшілігі көрініп тұр. Дегенмен, жаңартылған оқулықтарды оқу жылының ортасында және аяғында ұсынудың тиімді және тиімсіз жақтарын уақыт көрсетер деп отырмыз.

Министр А.Балаеваның деректеріне сүйене отырып, баспа өкілдерімен кездесулер өткізіп, қателерді жою және сапаны арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Осылайша, Аида Балаева мәселені қоғамдық деңгейде көтерсе, Жұлдыз Сүлейменова оны іс жүзінде шешуге жедел кірісті.

Бірақ оқулықтарды жай қайта басу (переиздание) кезіндегі қателерді жою жеткіліксіз, себебі мәселенің түп-тамыры бағдарламаның өзінде жатыр. Оны әсіресе, қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты алдыңғы екі экс министр түсініп, іске кірісе бастап еді. Сол бойынша істеліп жатқан жұмыстар кілт тоқтап, бүгінгілер оқулықтардағы қателерді жөндеумен ғана және оқулық мазмұнына жаңа қабылданған конституция талаптарын кіргізумен ғана шектелмек. Бұл сырт көзге оқулықтар жетілдіріліп жатқандай көрінгенімен жөндеу, жетілдіру жұмыстары негізінен техникалық, стильдік және деректік сипатта ғана болып отыр. Бұл қателер жалаулатпай-ақ физикалық жағынан тозған оқулықтарды қайта басу барысында онсыз да рет ретімен жөнделетін жұмыстар. Бізге керегі – қолданыстағы қате жаңартылған бағдарламаның түбегейлі жаңарғаны.

Қолданыстағы бағдарламаның негізінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқыту нәтиже бермейді. Бұл – барлық пәндердің оқу бағдарламаларындағы ортақ қателік.

Мәселен, қазақ тілі оқу пәнінің бағдарламасын қарайық:

Бірінші, мақсаты жүйесіз, жеткіліксіз қойылған: «Жалпы орта білім беретін мектептерде «Қазақ тілі» пәнін оқытудың мақсаты – ана тілін қадірлейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру, сондай-ақ қазақ әдеби тілі нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білуге, еркін сөйлесуге және сауатты жазуға үйрету» делінген. Мақсат анық қойылмаған соң, оның артындағы барлық іс қисық болатыны белгілі ғой. Қазақ тілі пәнін оқытудың мақсаты анық болмаған соң бүгінгі нәтиже де мардымсыз.

Қолданыстағы бағдарламаның екінші кемшілігі – оқу тақырыптары, «миграция, көші-қон, жастар мәдениеті, табиғат және экология және т.б.» деп берілген. Лексикалық тақырыптардың бұлай берілуінің мәні неде? Жаңартылған бағдарламаның өзегі осындай лексикалық тақырыптар ма? Бұл жаратылыстану немесе басқа пәндерге ұқсап кеткен жоқ па? Ең бастысы, бөлім тақырыптарын дәл осылай алудың ғылыми негізі бар ма? Бұған құзіретті органдардан ешкім анық жауап бере алмай отыр. Жауаптары – біреу. «Ертең PISA бағалауы келгенде дәл осындай тақырыптар келіп қалуы мүмкін» деген долбар ғана.

Дыбыстан мәтінге дейінгі тіл бірліктерін алсақ, дыбыстың саны белгілі, түбір және қосымша морфемалардың саны да шектеулі, санаулы. Тіпті тіліміздегі біртілді сөздіктің  реестріне енетін барлық сөздің де санын санап шығуға болады. Ал тіліміздегі сөйлемдердің санын санау мүмкін емес. Сондықтан біз оларды типтейміз: жәй сөйлем, құрмалас сөйлем, жақты-жақсыз, болымды-болымсыз және т.б. сөйлемдер. Мәтін де тура сол сөйлемнің саны сияқты көп. Сөйлем саны миллион болса, мәтіннің саны миллиард. Сондықтан мектепте осындай түрлі-түрлі тақырыптармен жұмыс істей берейік, болашақта соның бірі PISA бағалауы кезінде түсіп қалар деген ой ғылыми тұжырымға жатпайды. Ең сорақысы осы тақырыптардың мазмұны қазақ тілі пәнінің білім мазмұнына жатады деп ойлайтындар көп.

Үшінші кемшілік – лексикалық тақырыптардың грамматикалық тақырыптармен сабақтастықта болмауы. Оқулықтағы берілген лексикалық тақырып (мәтін) грамматикалық тақырыптармен байланысып жатқанда ғана білім жүйелі болады. Ондағы тақырыптар мен мәтіндер тілдің анықтамасына (200 анықтама) қатысты болуы керек, сонда ғана оқушы тілді, оның маңызын терең ұғынады. Егер публицистикалық және ғылыми стильдегі мәтіндерде грамматикалық тақырыптардың өзі түсіндірілсе, тіпті керемет болар еді. Бұны бала жүйелі қабылдар еді.

Қазіргі бағдарламада грамматика жүйесіз, бейберекет шашылып берілген. Бұл шешімі өте күрделі, әлі де зерттей түсетін өте өзекті мәселе. Лингвистикада грамматика дәстүрлі, деңгейлік (фонетика, лексика, сөзжасам, морфология, синтаксис) және функционалдық (жұмсалымды) грамматика болып бөлінеді. Бұның екеуі де лингвистика мамандықтарына академиялық білім беру үшін оқытылады. Ал бізге керегі – қолданбалы грамматика. Яғни мектепке мәтінді тануға және оны тудыруға, әсіресе мәтін тудыру кезінде ондағы нормалардың бұзылуының алдын алатын грамматика керек. Пәннің мақсаты – оқушыны дұрыс сөйлеу мен сауатты жазуға үйрету болса, оның кілті – грамматика. Грамматиканың бұл түрі оқушы санасында түрлі нормаларды білу арқылы көп қолданылу, көп дағдылану арқылы қалыптасады.

Бұрын фонетика, лексика, морфология, синтаксисті кезең-кезеңімен әр сыныпта оқытатынбыз. Жаңа бағдарламада грамматикалық материалдар шиыршықталып берілгендей көрінеді, бірақ оның өзі жүйесіз, бейберекет шашылып жатыр. Бұл тілдің жүйесін түсінуге кедергі келтіреді. Жүйелі берілмеген білімнен оқушының пәнге деген қызығушылығы төмендейді.

Төртінші кемшілік – тыңдалым мен айтылым дағдысын бірге беру. Мәтінмен жұмыс екі бөлімнен тұрады: мәтін тану және мәтін тудыру. Мәтін тану дағдыларына оқылым мен тыңдалым жататын болса, мәтін тудыру дағдыларына жазылым мен айтылым жатады. Осы қырынан қарайтын болса, екеуін бірге қарастыру мүлде ақылға сыймайтын нәрсе. Дұрысында мəтін тану (оқылым-тыңдалым) мен мəтін тудыру (айтылым + жазылым) параллель берілуі тиіс. Тыңдалым (аудиторияда ақпарат қабылдау) мен айтылым (ауызша сөйлеу) дағдылары бір-бірімен тығыз байланысты екені анық. Алайда оқу мақсатында олардың бірге берілуі бұл дағдылардың жеке-жеке дамуына кедергі келтіреді. Оқушы тек тыңдап айтпайды, жазады да. Сондай-ақ тыңдап қана емес, оқып та айтуға болады. Бағдарлама жасаушылар бұны ескермеген.

Бесінші кемшілік. Әр стильге тән типтік ерекшеліктер бар: құрылымында, мазмұнында және ондағы қолданылатын тілдік құралдарында және т.б. Бағдарламада мәтін тану кезінде осы айтылғандарды меңгеруді мақсат етіп қоямыз, ал дағды қалыптастыру кезінде оларды үлгіге алмаймыз. Бұл –дұрыс емес. Мәтін тану барысында оқушыға осыларды үлгілеп, осындай жанрда мәтін тудыру дағдысын қалыптастыруымыз керек. Ол үшін оқушы мәтінді типтей білуі, әр стильге тән жанрлардың сипатын танып, талдай білуі қажет. Осы дағдыға аса мән берілуі керек. Сонда оған мәтін түзу, мәтін тудыру оңайға түседі

Бізде ауызекі стильден басқа стильдер тек жазбаша нұсқада деген түсінік қалыптасқан. Барлық стильдің ауызша нұсқасы да бар екені белгілі. Яғни қазақ тілі пәнінің басты мақсаты мәтін тудыру ауызша және жазбаша түрде жүзеге асады. Дағды қалыптастыру кезінде осы екі түрін де ҰМЖ-да анық көрсетіп, жайдан күрделіге қарай шиыршықтай отырып қатар алып жүруіміз керек. Пән бойынша оқушыға берілетін  білімнің мәні ауызша-жазбаша мәтін тудыру болса, оқу үрдісінде соған жетудің жолы анық көрініп тұруы керек. Бүгінгі қолданыстағы жаңартылған бағдарламада бұл кемшін.

Қазір біз функционалдық сауаттылық дегенді көп айтамыз. Мұны ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы керек білім дейді. Иә, мектепте оқытылатын білім оқушының өміріне керек білім болуы қажет. Мұндай білімнің өзегі пәннің мақсаты мен пәннің білім мазмұнынан анық көрініп тұруы керек. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша жаңартылған бағдарламада бұл анық көрсетілмеген. Сөйлеу мен жазуды және ұлттық болмыс пен құндылықты қалыптастыратын бұл пәндерді мектептегі өзге пәндерден ерек қоюымыз керек. Өзге пәндерден алған білім болашақ сол саланың маманына ғана керек болса, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мектепте оқып жатқан барлық оқушының болашағына тегіс керек білім болып табылады. Өйткені сөйлемейтін, жазбайтын маман болмайды, сондай-ақ ұлттың құндылығын бойына сіңірмеген адам да толық болмайды.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Осы айтылғандарды ескеріп, орта білімге жауапты құрылымдарға мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің бағдарламасын сол қате күйінде қайта ұсынбай, ғылыми көпшіліктің талқысына салып, түбегейлі өзгертілуін қадағалауыңызды сұраймыз.

 

Қол қоюшылар:

1.     Ерден ҚАЖЫБЕК – «Qazaq Tili Halıqaralıq Akademiyası»-ның президенті, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

2.     Байынқол ҚАЛИЕВ – филология ғылымдарының докторы, профессор.

3.     Фаузия ОРАЗБАЕВА – филология ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

4.     Айгүл ІСМАҚОВА – Назарбаев университетінің профессоры, алаштанушы-ғалым, әдебиеттанушы.

5.     Анар САЛҚЫНБАЙ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.

6.     Орынай ЖҰБАЙ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.

7.     Жанат ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ – Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы.

8.     Бижомарт ҚАПАЛБЕК – «Қазақ тілі» мектеп оқулықтарының авторы, «Абай мектептерінің» 5-9 және 10-11-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» оқу пәнінен үлгілік оқу бағдарламасының авторы, филология ғылымдарының кандидаты.

9.     Қаламқас ҚАЛЫБАЕВА – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты.

10.   Райхан ИМАХАНБЕТ – Ахмет Байтұрсынұлы музейүйінің жетекшісі, «Тіл құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығының директоры, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті.

11.   Аман АБАСИЛОВ – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымының кандидаты.

12.   Алтынай АСҚАРОВА –  Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының бөлім басшысы, филология ғылымдарының кандидаты.

13.   Еділбай ОСПАНОВ – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, филология факультетінің деканы, филология ғылымының кандидаты.

14.   Жаннат ҚЫРЫҚБАЕВА – Ұлттық құндылықтар академиясының корреспондент мүшесі.

15.   Шынар ҚАПАНТАЙҚЫЗЫ – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты.

16.   Жайна САТКЕНОВА – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Филология факультеті деканының оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары, филология ғылымының кандидаты.

17.   Жәмила ОТАРБЕКОВА – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты.

18.   Алтынай ТЫМБОЛ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.

19.   Береке ЖҰМАҚАЕВА – Сүлеймен Демирел университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты.

20.   Қуантқан ВАНОВ – тіл жанашыры, математик ғалым, педагог, әуесқой композитор.

21.   Құралай МҰХАМАДИ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты.

22.   Әбдіжәліл АҚКӨЗОВ – филология ғылымдарының кандидаты.

23.   Болат БОРАНБАЙ – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты.

24.   Шохан ШОРТАНБАЙ – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы.

25.   Алмас НАЙМАНБАЙ – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы.

26.   Айнұр КӨШЕКОВА – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты.

27.   Төлеубек ЗАЙСАНБАЕВ – С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

28.   Жанат СӘРСЕНБАЙ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, А.Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының PhD докторы.

29.   Назгүл ІЛИЯС – Мемлекеттік тілді дамыту институтының ғылыми қызметкері, PhD доктор.

30.   Гүлнар ЕСКЕРМЕСОВА – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы, PhD доктор.

31.   Ботагөз НҰРЖАНОВА – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессор м.а., PhD доктор.

32.   Нұржан СЕЙСЕНБЕК – Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің PhD докторанты.

33.   Серік ЕРҒАЛИ – Сингевит жазу жүйесінің авторы, лингвист,  мәдениеттанушы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің докторанты.

34.   Назира ДОСАН – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторанты, А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушысы.

35.   Мейрамгүл НҮСҮПБЕК – Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-шебер, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, зейнеткер ұстаз.

36.   Мирамкүл ЖАҚСЫМОВА – Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-модератор.

37.   Меруерт МАЗАРЖАНОВА – Алматы қаласы, № 42 жалпы білім беретін орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші.

38.   Ақерке САМАРХАНОВА – Мемлекеттік тілді дамыту институтының ғылыми қызметкері.

39.   Мархабат ЖОШЫБАЕВА – Алматы қаласы 148 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі, педагог-шебер.

40.   Салтанат ЖАНТАСОВА – «Qazaq Tili Halıqaralıq Akademiyası» үкіметтік емес, коммерциялық емес мекемесінің ғылыми қызметкері.

41.   Аида МҰХАМЕТҚАЛИЕВА – Тұран университетінің оқытушысы.

42.   Мөлдір АМАНТАЙ – «Qazaq Tili Halıqaralıq Akademiyası» үкіметтік емес, коммерциялық емес мекемесінің ғылыми қызметкері.

43.   Жансая СМАН – Филология ғылымының магистрі, «Qazaq Tili Halıqaralıq Akademiyası» үкіметтік емес, коммерциялық емес мекемесінің ғылыми қызметкері.

44.   Мәдина ИСЕНБАЙ – «Bilim innovation group» ЖШС-ның ғылыми қызметкері.

45.   Динара МЕЙРАМБЕКҚЫЗЫ – «Qazaq Tili Halıqaralıq Akademiyası» үкіметтік емес, коммерциялық емес мекемесінің ғылыми қызметкері.

46.   Арайлым КАЛЕНБЕКОВА – «Bilim innovation group» ЖШС-ның ғылыми қызметкері.

47.   Майра ТУРКБЕНБАЕВА – «Qazaq Tili Halıqaralıq Akademiyası» үкіметтік емес, коммерциялық емес мекемесінің ғылыми қызметкері.

48.   Аружан МАХАНБЕТҚЫЗЫ – «Qazaq Tili Halıqaralıq Akademiyası»  үкіметтік емес, коммерциялық емес мекемесінің ғылыми қызметкері.

49.   Әлия АЛПЫСБАЙ – «Bilim innovation group» ЖШС-ның ғылыми қызметкері.

50.   Ақтолқын ТҰРҒЫМБАЙ – «Bilim innovation group» ЖШС-ның ғылыми қызметкері.

51.   Бекзат ҚАМБАРОВА – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің докторанты.

52.   Толқын ДҮЙСЕНҒАЛИ – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

53.   Айгүл КАДИРОВА – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

54.   Лаззат КУЛЖАБАЕВА – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

55.   Абжамалова Ш.Е.  – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

56.   Ақнұр ШАМШАДИНҚЫЗЫ – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

57.   Шұға ЕРҒАЛИҚЫЗЫ – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

58.   Тұрлыбек Қ.А.  – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

59.   Ақерке ОҢҒАРБЕКОВА  – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

60.   Назерке ОРАЗХАН – Халықаралық бизнес университетінің аға оқытушысы.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


12/08/2026 17:15

Ашық хат
0 307 0














21/04/2026 10:30

Жыңғылды оқиғасы
0 262 0


26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 286940 0


02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 273163 0


28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 256595 0









19/05/2017 14:36

Қазақта қанша сөз бар?
0 157960 7

05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 154561 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика